Игі істер күні

Құрбан айт мерекесіне орай QAZAQ AIR авиакомпаниясының қызметкерлері қайырымдылық акциясын өткізді. 3 аз қамтылған отбасына және елордалық «Амара» хосписінің 120 пациентіне қажетті көмек көрсетілді. Көмекке мұқтаж отбасылардың тізімін Астана әкімдігі ұсынды.

Осы қайырымдылық шарасы аясында арнайы ортопедиялық матрастар, хоспис пациенттеріне арналған жеке гигиена құралдары, түрлі тамақ өнімдері сатып алынды.

Князбекова Гүлмира Шорайқызы, «Амара» хосписінің директоры:

– Хоспис білікті күтім мен ауырсынуды басуды қамтамасыз етеді, пациенттеріне, сондай-ақ олардың отбасыларына ауру кезінде де, жақын адамынан айырылғаннан кейін де паллиативтік медициналық және психологиялық көмек көрсетеді. Қазір хоспистің қамқорлығында 120 адам бар. Бізді міндетті медициналық сақтандыру қоры қаржыландырады. Дегенмен, хоспис пен пациенттерді қарауға бөлінетін қаражат жеткіліксіз. Кейде біз дәрі-дәрмектерді, керек-жарақтар мен өнімдерді өзіміз сатып алуымыз. Сондықтан біз кез-келген көмекті үлкен алғыспен қабылдаймыз.

Хосписте пациенттер өмірдің әрбір сәтіне бағасыз байлық деп есептейді. Олар әр келген қонаққа қуанып, палаталардан жүгіріп шығып, күлімсіреп қарсы алады. Олар үшін жақын адамдарының жүздерін көру, сүйіспеншілік пен қамқорлықты сезіну – үлкен бақыт. Олар әрбір адамның жылулығын бар жүрегімен сезінеді.

«Олар әр нәрсеге балаша қуанады, тек бұл қуаныш дені сау адамдардың қуанышынан өзгеше. Науқас тағы бір күн өмір сүрсе – қуаныш, балалармен, немерелермен сөйлесе алса – қуаныш, терезеден күн шыққанын көрсе – қуаныш, жаңа адамдармен сөйлессе – қуаныш. Сондықтан олар әрбір қонақты асыға күеді. Біз мұқтаж адамдарға көмек қолын созуға дайын мейірімді адамдардың көп екеніне еш күмәнданбаймыз. Сіздердің бүгінгі көрсеткен көмектеріңіз бізге үлкен сеп болды. Қазір бауырсақтарды, тәттілерді таратып береміз. Олар әрдайым үйдің тамағын аңсап отырады. Хоспистің барлық ұжымының атынан көрсетілген көмек үшін зор алғыс айтамыз», – деп атап өтті Гүлмира Князьбекова.

Хоспис пациенттері мен көпбалалы отбасылар авиакомпания қызметкерлерінің көмегіне риза болып,  зор алғыспен қарсы алды. QAZAQ AIR компаниясының әрбір қызметкеріне денсаулық, табыс және ашық аспан тіледі.

Қайырымдылық кішкене қадамнан бастау алады. Көмекке зәру адамдарға дер кезінде қолдан келгенше көмек көрсетіп, хал-жағдайын сұрап, уақыт бөліп, жан жылуымызды сыйласақ, әлемде бақытты адамдардың саны сөзсіз артады.

Қайырымды істер туралы  https://youtu.be/og3j-n-kN0g сілтемесі бойынша бейнероликті назарларыңызға ұсынамыз.