Астанадан Самарқанға алғашқы халықаралық рейс жолаушылары ұшты

Қазақстан халқының бірлігі күніне орай QAZAQ AIR әуе компаниясы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Астана – Түркістан – Самарқан бағытындағы халықаралық әуе рейсін іске қосты. Аталған әуе рейстің салтанатты ашылу рәсімі Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында өтті.

Жаңа рейстің ашылу рәсіміне Қазақстандағы Өзбекстан Республикасы Елшілігінің сауда-экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ислом Орифжонов, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Руслан Пыштанов, QAZAQ AIR АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Эндрю Коуэн, QAZAQ AIR АҚ Басқарма төрағасының м.а. Әділбек Өмірәлиев және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

Аталған бағыттың іске қосылуы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әуе қатынасын нығайтып, Орталық Азияның тарихи өңірлері арасындағы мәдени және туристік алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл маршрут Қарағанды мен Қостанай қалаларынан ұшатын жолаушыларға да қолжетімді, осылайша Қазақстан өңірлері мен Самарқан арасындағы ыңғайлы әуе тасымалы іске қосылды.

«Бауырлас елдер арасындағы әуе қатынасын ашу арқылы біз әр дәуірдің астаналарын байланыстыратын жайлы әрі танымды саяхат мүмкіндігін ұсынамыз. Астана, Түркістан және Самарқан бағытындағы ыңғайлы ұшулар жолаушыларға тарих пен дәстүрге терең бойлауға жол ашады», – деді QAZAQ AIR басқарма төрағасының м.а. Әділбек Өмірәлиев.

Самарқан – әлемдегі ең көне қалалардың бірі, Рим мен Афинаның замандасы, 2750 жылдан астам тарихы бар. Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы, ашық аспан астындағы мұражай. Астана – Орталық Азиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан заманауи елорда.

Ұшулар апта сайын бейсенбі және жексенбі күндері орындалады.

# # #