Әуе кемесінің бортындағы қағидалар

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 30 маусымдағы № 416 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 7 тамызда № 15443 болып тіркелді.

2-тарау. Әуе кемесінің бортында мінез-құлық тәртібі

4. Әуе кемесінің бортында жолаушы ретінде болатын тұлғаларға:

  1. экипаж мүшесіне отырғызу талонын тексеруге ұсыну;
  2. қол жүгін және жеке заттарын арнайы белгіленген орындарға орналастырып, отырғызу талонына сәйкес өз орнына орналасу. Багаж қол жүгінің габариттеріне сәйкес келмеген жағдайда, багажды багаж бөлігіне тапсыру қажет;
  3. басқа жолаушылардың немесе экипаж мүшелерінің қозғалысына кедергі жасамау;
  4. әуе кемесі командирінің өкімі бойынша немесе көрсетілген іс-әрекеттерді орындауға міндеттейтін ақпараттық табло қосылған кезде жолаушы креслосының таңу белдіктерін тағуға (ұшудың барлық кезеңінде таңу белдіктерін тағып ұстау ұсынылады);
  5. экипаж мүшесінің нұсқауы бойынша радиоэлектрондық аспаптарды және байланыс құралдарды өшіру, немесе оларды «ұшуда» деген автономды режимге өткізу;
  6. ұшудың соңына дейін тәртіпті және реттілікті ұстану;
  7. әуе кемесі командирінің және экипаждың басқа мүшелерінің талаптарын, сондай-ақ қосылған ақпараттық таблода көрсетілген іс-әрекеттерді сөзсіз орындау қажет.

5. Әуе кемесінің бортында жолаушы ретінде болатын тұлғаларға:

  1. өзінің қауіпсіздігіне байланысты негіздемелі алаңдаушылық болғанда ұшудан бас тартуы;
  2. егер олардың өміріне, денсаулығына немесе жеке ар-намысына қауіп-қатер туғанда, экипаж мүшелеріне өтінуі және олардан қорғауды талап етуі мүмкін.

6. Әуе кемесінің бортында жолаушы ретінде болатын тұлғаларға:

  1. ұшақ жүргізу, биікке көтерілу және қону кезінде, өту жолында тұруға және салон бойынша жүруге;
  2. қалған жолаушыларға қолайсыз немесе экипаж мүшелерінің жұмысына кедергі жасайтын жағдайлар жасауға;
  3. экипаж мүшелерінің тиісті нұсқауларынсыз авариялық-құтқару жабдығын пайдалануға;
  4. ұшқыштардың кабинасына кіруге немесе кіруге тырысуға;
  5. әуе кемесінің бортындағы басқа тұлғаларға қатысты сөзбен қорлау, күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру;
  6. әуе кемесінің бортында стандартты қызмет көрсету шеңберінде ұсынылғандарды қоспағанда, бажсыз сауда дүкендерінде сатып алынғанын қоса алғанда, алкогольдік ішімдік ішуге;
  7. экипаж мүшесінің рұқсатынсыз немесе нұсқауынсыз отырғызу талонында көрсетілген орыннан өзге орынға отыруға тыйым салынады.

7. Әуе кемесінің бортындағы тұлғалар осы Қағидаларды бұзған жағдайда, ӘК командирі, Заңның 57-бабына сәйкес, қауіптің деңгейіне байланысты әуе кемесінің ұшуын қауіпсіз аяқтауды қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдайды.