QAZAQ AIR (Vietjet Qazaqstan) Ұлытау облысымен ынтымақтастықты күшейтіп, Жезқазғаннан орындалатын рейстер санын арттырады
2025 жылғы 24 шілдеде Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков QAZAQ AIR (Vietjet Qazaqstan) әуе компаниясының Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы Әділбек Өмірәлиевпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында өңірдің әуе қатынасын кеңейту, күзгі-қысқы навигациялық маусымға дайындық және маршруттық желінің операциялық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Өңір тұрғындары тарапынан әуе қатынастарына сұраныстың тұрақты түрде артуын ескере отырып, QAZAQ AIR (Vietjet Qazaqstan) әуе компаниясы қолданыстағы рейстердің жиілігін арттыруды және жаңа бағыттарды енгізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, жолаушылар үшін қолжетімділікті арттыру мақсатында 2026 жылға арналған маршруттық желіні жоспарлау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жұмыс коммерциялық та, мемлекеттік субсидияланатын бағыттар аясында да жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта QAZAQ AIR әуе компаниясы Жезқазғаннан Астана мен Шымкент қалаларына аптасына 5 рет, Қарағандыға аптасына 3 рет тұрақты рейстерді орындайды. Жезқазған әуежайындағы ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін, «Жезқазған – Астана» бағыты бойынша рейстер саны аптасына 7 рейске дейін көбейтіледі.
«Сондай-ақ, Ұлытау облысының туристік кластерін дамыту аясында «Жезқазған – Ақтау» және «Жезқазған – Түркістан» жаңа бағыттарын ашу мәселесі қаралатын болады», – деп атап өтті Ұлытау облысы әкімдігінде.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өңірдің көлік инфрақұрылымын дамыту және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бағытында өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі екендерін растады.