Қазақстан әуежайларында қол жүгін тексеруге қатысты жаңа ережелер енгізілді

2025 жылғы 21 тамыздан бастап еліміздің барлық әуежайларында авиациялық қауіпсіздіктің жаңартылған талаптары қолданысқа енгізілді. Ережеге сәйкес, тексеру кезінде алынған заттар әуежайларда сақталмайды.

Жаңа талаптарға сәйкес, ұшар алдындағы тексеріс кезінде тәркіленген заттар әуежайда сақталмайды. Тасымалдауға тыйым салынған заттар жолаушымен бірге келген адамдарға қайтарылады немесе заңда белгіленген тәртіппен жойылады.

QAZAQ AIR (Vietjet Qazaqstan) жолаушыларға тыйым салынған заттардың толық тізімімен алдын ала танысып шығуды ұсынады. Ол ақпарат әуе компаниялары мен әуежайлардың ресми сайттарында, тіркеу орындарында және тексеру аймақтарында қолжетімді.

Еске саламыз: сұйықтықтар, аэрозольдер мен гельдер тек 100 мл-ден аспайтын ыдыстарда тасымалданады. Ал зауыттық қаптамасы жоқ тағамдар (бал, тосап, сүт өнімдері, үйде дайындалған тағамдар және т.б.) ұшақта тасымалдауға жіберілмейді. Мұндай заттар алынып, жойылады.

Толық ақпарат: 👉 https://www.flyqazaq.com/baggage/

«Алдын ала дайындық пен ережелерді сақтау тексеру уақытын қысқартып, ұшулардың қауіпсіздігіне үлес қосады», — деп атап өтті QAZAQ AIR (Vietjet Qazaqstan).

# # #