QAZAQ AIR әуе билеттерін сату желісін кеңейтуде

QAZAQ AIR әуекомпаниясы еуропалық әуе тасымалдаушысы Hahn Air компаниясымен әуе билеттерін сату туралы интерлайн келісім жасады. Бұл шарт бүкіл әлем бойынша жолаушылар мен Hahn Air агенттері үшін QAZAQ AIR әуе билеттеріне электрондық брондау сервистері арқылы қолжетімділігін арттырады. Осылайша, әуекомпания халықаралық әуе тасымалы нарығында өзінің қызмет көрсету аясын дамытып келеді.

«Біздің әуекомпания жолаушылар үшін сапардың әрбір кезеңінде — билетті брондаудан бастап ұшуға дейін ыңғайлылықты жақсарту және шығындарды азайту мақсатында үнемі жаңа мүмкіндіктерді іздейді. Интерлайн-келісім серіктестермен табысты ынтымақтастықтың үлгісі, бұл әуекомпанияға жолаушылар базасын кеңейтуге және сонымен бірге турагенттер мен жолаушылар үшін де билеттерді брондауды жеңілдетуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті әуекомпания басшысы Еркін Наурызбаев.

QAZAQ AIR – Қазақстанда және көрші мемлекеттердің шекаралас аумақтарында өңіраралық әуе қатынасының қолжетімділігі үшін ұйымдастырылған маршруттық желісі бар қазақстандық әуе компаниясы. Ол рейстерді жоғары халықаралық және Ұлттық ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкес орындайды. Компанияның хабы Астана қаласында орналасқан.

QAZAQ AIR 2022 және 2023 жылдары Skytrax беделді халықаралық сыйлығының «Орталық Азия мен ТМД-ның үздік өңірлік әуекомпаниялары 2023» номинациясы бойынша үздік үштікке енді.