Qazaq Air Нұр-Сұлтан – Ақтөбе – Баку жаңа әуе рейсін іске қосты

Рейс әр бейсенбі мен жексенбі күндері жасалады.

7 шілде күні Qazaq Air әуе компаниясы ел ордасы Нұр-Сұлтан қаласынан Ақтөбе қаласы арқылы алғашқы жолаушыларды Әзербайжан астанасы Баку қаласына тасымалдады. Енді мұндай рейстер аптасына екі мәрте – бейсенбі және жексенбі күндері жасалады. Рейсті 86 орындық канадалық De-Havilland Dash 8-Q400 жаңа генерациялы әуе кемелері орындайды.

Жаңа рейстің басты ерекшелігі – Қазақстандағы түрлі бағыттағы ұшулардың орталығы саналатын Нұр-Сұлтан қаласынан транзиттік Ақтөбе ұшып кетудің қолайлылығы. Оған қоса, жүкті бірден Баку қаласына дейін тиеуге болады.

Бакуге жасалған алғашқы рейстің құрметіне орай салтанатты шара Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайда өтті. Шараға Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келіп қатысқан Qazaq Air әуе компаниясының қаржы директоры Әділбек Өмірәлиев Қазақстан мен Әзербайжан елін байланыстыратын жаңа рейсті ашу біраз уақыттан бері жоспарланып іске асырылған шара екенін атап өтіп, бұл екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтып қоймай туризмді дамытуға да ықпал ететінін атап өтті. 

«Әзербайжан біздің халықаралық бағытта сапар ұйымдастырып отырған екінші еліміз. Қазақстандықтарды Ресей, Әзербайжан елдерімен тек бизнес қана емес, оған қоса, туыстық, достық қарым-қатынастар байланыстырады. Бұл ретте екінші ел ретінде Әзербайжанның таңдалуының маңызы зор. Алдағы уақытта бұл тізімге Грузияны қосуды да жоспарлап отырмыз», – деді Әділбек Өмірәлиев.

Шарада сөз алған «Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Дастан Малиев Аөтөбе тұрғындары атынан Qazaq Air әуе компаниясы мен өңір басшылығына алғыс білдірді.

Ақпарат көзі: sknews.kz