QAZAQ AIR Түркістаннан Самарқандқа тұрақты әуе қатынасын ашты

QAZAQ AIR әуекомпаниясы Түркістаннан Самарқандқа 2 маусымнан бастап тікелей әуе рейстерін орындайтын болады. Тұрақты әуе тасымалы аптасына 2 рет канадалық de-Havilland Dash 8-Q400 заманауи, жайлы ұшақтарымен келесі кесте бойынша жөнелтіледі:

Сәрсенбі және жексенбі күндері (жергілікті уақыт бойынша):

IQ 509 Түркістан 15:30 – Самарқанд 16:40

IQ 510 Самарқанд 17:20 – Түркістан 18:40.

Самарқанд – әлемдегі ең көне қалалардың бірі. Өзбекстанның халық саны мен аумағы, өнеркәсіптік маңызы бойынша Ташкенттен кейінгі екінші қаласы. Бұл қаланың тарихы 2750 жылдан асады, кейбір тарихи деректер қаланы Рим және Афинамен құрдас екенін дәлелдейді. Бұл көптеген ғасырлар бойы саудагерлерді, зерттеушілерді және саяхатшыларды қызықтырған Ұлы Жібек жолының негізгі торабы болды. Самарқанд – тарихтың әрбір сәтін, терең иірімдерін асықпай зерттеуге тұрарлық нағыз ашық аспан астындағы мұражай.

Айта кету керек, Самарқанд 2024 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып жарияланды. Самарқанд қаласы 2025 жылы өтетін ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясын өткізу орны ретінде таңдалды. 

Әуе билеттерін www.flyqazaq.com сайтынан қазірден бастап брондауға және сатып алуға болады. Билеттердің құны бір бағытқа 30 000 теңгеден басталады.

Сондай-ақ, Қазақстанның әуекомпаниялары Түркістан арқылы Самарқандқа Астана, Ақтөбе, Қостанай, Ақтау, Орал, Алматыдан қосылатын рейстерді орындайтынын атап өткен жөн.

Естеріңізге сала кетейік, QAZAQ AIR – Қазақстанда және көрші мемлекеттердің шекаралас аумақтарында халықаралық және өңіраралық әуе қатынасының қолжетімділігі үшін ұйымдастырылған маршруттық желісі бар қазақстандық әуе компаниясы. Ол рейстерді жоғары халықаралық және Ұлттық ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкес орындайды. Компанияның хабы Астана қаласында орналасқан. Жолаушылардың және авиация саласындағы кәсіби мамандардың пікіріне негізделетін әлемдегі беделді ұлыбританиялық Skytrax рейтингісі бойынша 2022, 2023 жылдары QAZAQ AIR Орта Азия және ТМД елдері арасында үздік үштікке енді.