QAZAQ AIR (VietJet Qazaqstan) әуе компаниясы Ресейге бағыт алған жолаушыларды осы елдің аумағына гармала өсімдігін (Қазақстанда адраспан деп аталады) алып өтуге тыйым салынғаны туралы хабардар етеді.
Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес, гармаланы немесе оның құрамдас бөліктері бар дәрілік заттар мен биологиялық белсенді қоспаларды шекара арқылы арнайы рұқсатсыз алып өту қатаң құқықтық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Бұл – бас бостандығынан айыру немесе ірі көлемдегі айыппұл салу түріндегі жазаларды қамтиды.
Осыған байланысты, Ресейге сапар шегуді жоспарлап отырған жолаушыларға тыйым салынған өсімдіктер мен заттар тізімімен алдын ала танысып, адраспан немесе оның сығындылары бар өнімдерді алып өтуден бас тартуға кеңес береміз.
Тауарлар мен заттарды алып өтуге қойылатын талаптар туралы қосымша ақпаратты Ресейдің ресми кедендік және санитариялық бақылау органдарының сайттарынан алуға болады.
Әуе компаниясы өз жолаушыларына барынша жайлы әрі қауіпсіз сапарларды қамтамасыз етуге ұмтылады.